Муратбекова Мөлдір Шалқарбекқызы Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Шаян елді мекенінде 1983жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.
2000 жылы Шымкент қаласында Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-дің өнер факультетінің студенті болып қабылданды. 2004 жылы аталмыш оқу орнын саз және ән айту мамандығы бойынша бітіріп шықты. Қазіргі таңда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің режиссура бөлімінде білім алды.
Университет қабырғасында жүріп «Қазығұрт» фольклорлық ансамблінің әншісі болған Мөлдір Шалқарбекқызы өнер жолында бірнеше рет облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Атап айтқанда: 2001 жылы университет аралық «Ынта» байқауының бас жүлдегері, облыс көлемінде өткен «Патриоттық әндер» және «Халық әндері» байқауының лауреаты, 2002 жылы Шымкент қаласында өткен Республикалық «Арай» конкурсының дипломанты болған.
2004-2007 жылдар аралығында Түркістан қаласында Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-ге қарасты «Мәдениет сарайында» «Жайдарман» квартетінің мүшесі бола жүріп, 2005 жылы топпен бірге Түркия мемлекетінің Стамбул қаласында өткен Түркі тілдес ұлттардың бірлескен концерттік бағдарламасына гастрольдік іс-сапармен барып қайтты. 2006 жылы өнер саласында көрсеткен сапалы еңбегі үшін Түркістан қаласы әкімінің алғыс хатымен 2009 - 2018 жылдары облыстық мәдениет басқармасы басшыларының алғыс хаттарымен марапатталған.
Қазіргі таңда Шымкент қалалық әзіл сықақ және сатира театрында актриса қызметін атқаруда. Муратбекова Мөлдір – қазақтың дәстүрлі, эстрадалық әндерін нақышына келтіріп орындайды. Қала көлемінде өтіп жатқан мерекелік іс-шараларына белсене қатысады. Ұжым мүшелері арасында сыйлы.