Ақшора Жүсіп Темірәліұлы 1978 жылы Мақтарал ауданы Жетісай қаласындағы Мәдени ағарту техникумының режиссура мамандығын бітіріп шықты.

Ақшора Жүсіп Темірәліұлы 1980 жылдан бастап өз еңбек жолын Қ.Жандарбеков атындағы «Жетісай қазақ сазды драма театрында» әртіс қызметінен бастады.
Трагедия, комедия жанрында жазылған драмалық шығармаларда көбіне басты рольдерді ойнап, өзінің кейіпкерлерін ерекше көрсете білген әртіс осы жылдар арасында жалпы 30-дан астам қойылымдарда ойнаған.

1985-1988 жылдар аралығында Шәуілдір совхозындағы орталық клубта клуб меңгерушісі қызметін атқарды. 1988-1990 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы орта мектепте кәсіподақ атынан ашылған «Жас өспірімдер клубының» директоры қызметін атқарып балалар тәрбиесімен айналысқан.

1995 жылдан бастап жекеменшік «Шаншар» әзіл-оспақ театрында режиссерлік қызметін атқара жүріп, «Шаншар» әзіл-оспақ театрының ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарламалардағы интермедияларда түрлі рольдерді сомдап, халық арасында мол танымалдылыққа ие болды. 2005 жылы аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі қызметіне көтерілді.

2008 жылдың ақпан айынан бастап «Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры» МКҚК-нің көркемдік жетекшісі қызметіне тағайындалды.
Бүгінгі таңда театр актеры ретінде Жүсіп Ақшора репертуардағы көптеген қойылымдардың ажарын ашуда.

Шығармашылық жолындағы жетістіктеріне тоқталар болсақ, 1994 жылы «Орта Азия күлкі жәрмеңкесінің» лауреаты болған. 2001 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 3-желтоқсандағы жарлығы бойынша «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен наградталған.

Облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының Шымкен-Астана бағытымен ұйымдастарылған «Тіл - халықтың мұрасы» атты іс-шараға белсене атсалысып, алғыс хатпен марапатталған.

2008 жылы Бірінші Халықаралық әзіл-сықақ театрларының фестивалінде Орта Азия халықтар ынтымақтастығы және көп ұлтты Қазақстан елінің мәдениетін өркендетуге сіңірген еңбегі үшін марапатталды.

2008 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің рухани- мәдени және өнер саласының дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін ОҚО әкімінің ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ҮЗДІК МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРІ номинациясымен марапатталды.
2009 жылы «Халықаралық театр күні» мерекесіне орай Облыстық мәдениет басқармасының алғыс хатына ие болған.

2014 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің «МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ» төс белгісімен марапатталды.

Өз еңбек жолында Жүсіп Ақшора Темірәліұлы жоғары деңгейдегі маман иесі екендігін айқын көрсетуде. Өз ісіне адалдықпен, жауапкершілікпен қарайды. Адамдармен ортақ тіл табыса алады. Өзіне тапсырылған жұмысты өз мезгілінде орындап отырады. Әрдайым жаңа жұмыс әдістерімен танысып, білімін жетілдіріп отырады. Ұжым арасында сенім мен сый құрметке ие Жүсіп Темірәліұлы қалалық, облыстық мерекелiк iс-шараларға белсене қатысады.

ҚР Мәдениет қайраткері, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы»
Ақшора Жүсіп Темірәліұлы
Made on
Tilda